02 Мамыр, 2015

Жігерлі болса ер болар,  бірлікті болса ел болар

1532 рет
көрсетілді
34 мин
оқу үшін
АЛМАТЫ Әсем Алматының тұрғындары Қазақстан халқының бірлігі күнін әдеттегідей ерекше көңіл-күймен қарсы алды. Мерекелік шара қала әкімдігінің алдын ала жоспарлаған бағдарлама­сына сай – Орталық мәдениет және демалыс саяжайынан бастау алды. Әсіресе, үстеріне қызыл-жасыл киім киіп, айрықша нұрға малынып, көк­темдей құлпырған қазақстандық этнос өкілдерінің қуанышында шек жоқ. Бүгін – Қазақстандағы барша ұлтты ұйыстыратын, ағайынның басын қосатын айтулы мейрам! Жиналғандар «Шабыт» жаздық театр алаңын қаумалады. Қала тұрғындары мен қонақтарын қала әкімінің уақытша міндетін орындаушы Ахметжан Есімов зор шабытпен құттықтады. Ол айтулы мерекенің кешегі Президент сайлауымен тұспа-тұс келуін атап өтіп, алматылықтарға, оның көп ұлт өкілдеріне саяси науқанда белсен­ділік көрсеткені үшін алғысын білдірді. – Біздің арманымыз – бір, мақса­тымыз – жалғыз, ол – «Мәңгілік Ел!» – деп түйіндеді ресми өкіл. Бұдан соң Ахметжан Есімов Алма­тыдағы этномәдени орталықтардың таңдаулы өкілдеріне Президент Жар­лығына сәйкес «Қазақстан халқы Ассам­блеясына – 20 жыл» мерекелік меда­лін салтанатты жағдайда табыс етті. Белгілі өнер жұлдызы Нағима Есқалиева ән-шашу шашты. Бұдан кейін орыс, украин, ұйғыр, корей, татар тілдерінде ән айтылды. Бұл кезде думанды концерт қаланың барлық әкімшілік аудандарында жалғасын тапқан... Әдеттегі дәстүр бойынша Алматы аумағында субұрқақтар іске қосылды. Оның ең мәртебелісі – бас субұрқақ Тұңғыш Президент саябағында көкке шапшып, айналаға қоңыр салқын леппен әр беріп тұр. Бұдан басқа қала орталығындағы 9 субұрқақ та іске қосылды. Әкімдіктің табиғи ресустар басқармасының өкілдері қаладағы қалған 46 субұрқақ мамыр айының соңына дейін толық қосылады деп сендірді. Мамырдың әні аяусыз төгіліп, жыры шашылды... Бірлік мерекесі халықтық жаппай серуенге ұласып, шырайлана түсті. Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан». 55 АҚТАУ 50-ге тарта ұлт өкілдерін құтты төсінде тоғыстырып, олардың шат тұр­мысының бесігіне айналған Маңғыс­тауда бірлік мерекесін атап өту 1 мамырдан бірнеше күн бұрын басталды. Мектеп, колледж оқушыларының этно­мәдени бірлестіктердің өкілдері­мен тақырыптық кездесуі, этномә­дени бірлестіктер арасында «Белсен­ді отбасы» отбасылық сайысы, Түрік­менстан делегациясының қатысуымен халықаралық «Мен бейбітшілікті таңдаймын» атты балалар суреттері көрмесі мен байқауы, сондай-ақ, Ақ­тау, Жаңаөзен қалаларында «Тату­лық-достықтың киелі бесігі» атты Түрік­менстан өнер жұлдыздары және Маңғыс­тау өнерпаздарының бірлескен концерті, «Ынтымағы жарасқан тәуелсіз елім» атты мектеп оқушылары арасында ұлттар достығы байқауы, «Бірлігіміз жарасқан!» атты жастар байқауы, сурет­ші жастардың сурет көрмесі, спорттық жарыстар сынды ондаған шаралар облыстың аудан-қалаларында өткізілді. Мереке күнгі шара Ақтау қаласын­дағы Президент даңғылы бойында орна­ласқан «Мәңгілік алау» кешенінен Ақтау қаласы әкімдігі алдындағы Астана алаңына дейін мерекелік шерумен бас­талды. Барабаншылардың бастауымен сап түзеген шерушілерді алдымен этномәдени бірлестіктер өкілдері, «Нұр Отан» партиясы өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер, Ш.Есенов атындағы КМТжИУ ұжымы, мұнайшылар мен «Ақтау халықаралық теңіз-сауда порты», «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп», «Қаз­телеком», өзге де ондаған ұжымдар жалғады. Достық, бірлік, бейбітшілік тақырыбындағы ұрандарды көтеріп, жалаулата ауқымды 35 топ болып жүріп өткен шеруге қатысушылар саны 5 мыңға жуықтады. Салтанатты шарада Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев Елбасы Н.Назарбаевтың ұлттар ара­сындағы достықтың қазақстандық моделін қалыптастыру мен дамытудағы ерен еңбегінің нәтижесінде бірнеше ұлттың өкілдері тәуелсіз Қазақстанды дамыту жолында бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара қызмет етіп жатқандығын, киелі Маңғыстау өңірінде бұл дәстүрдің өз сабақтастығын тауып отырғандығын айта келіп, барша маңғыстаулықтарды бірлік мерекесімен құттықтады және бұдан былай да достық пейілден жаңылмай, ел үшін бірлесе қызмет ете беруге шақырды. Шеру соңы мерекелік концертке ұласты. Әр ұлттың көрмелерімен бірге мерекелік сауда-саттық жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Мереке Ақтау қала­сындағы «Ақтау», «Бәйтерек», «Астана», «Достық» сауда-ойын-сауық орталықтарында әртүрлі ойын-сауық шараларымен жалғасын тапты. Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». Суретті түсірген  Талант ҚҰСАЙЫН.   АҚТӨБЕ Көктемнің күні Жер-анаға бар мейірімін төгіп, шуағын шашып, күлімдеп-ақ тұр. Редакция тапсырмасымен біз ерте ояндық па десек, бізден ерте тұрғандар баршылық екен. Әбілқайыр хан батыр ескерткіші алдындағы алаңға күн көтерілмей-ақ қарақұрым халық жиналып қалыпты. Бұлар 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай ұйымдастырылған «Сенің марафоның – сенің жеңісің» атты марафонға қатысушылар болып шықты. Қаланың кәсіпорындары мен ұйымдарынан және жоғары оқу орындары мен колледж­дерден, мектептерден барлығы 4,5 мың адам қатысқан марафонда ерлер – 21, әйелдер – 10, ал бұқаралық марафоншылар 3 шақырымға жүгіріп өтіп, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев атындағы орталық саябаққа жиналды. Мұнда да мереке әлдеқашан бас­талып кеткен. Түрленіп-түлеп кеткен саябақ ортасындағы үлкен сахнадан сан ұлттың әуезді үні асқақтайды. Шайдай ашық аспаннан мейірім төгілуде. Мерекеге жиналған халық нөпірі сәт сайын толыға түсуде. Сауда қатарлары да сан бояуға малынғандай әдеміленіп кеткен. Сахнада достық пен бірліктің белгісіндей шаңырақ көтеріліп, оның астына жиналған облыстағы этномәдени бірлестіктердің ұлттық киімдерін киген өнерпаздары мерекенің сәні мен салтанатын арттырып тұр. 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесінің салтанатты ашылуында облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова қысқаша сөз сөйлеп, еліміздегі ұлтаралық достық пен бірліктің тереңнен тамыр тартатынын, оған Елбасы Н.Назарбаев ұстанған сарабдал саясаттың берік іргетасын қалап отырғанын жеткізді. Содан кейін еліміздегі татулық пен тұрақтылыққа елеулі үлес қосып жүрген этномәдени бірлестіктер төрағалары мен мүшелеріне «Қазақстан халқы Ассамблеясына – 20 жыл» мерекелік медалін тапсырды. Мерекелік салтанат барысында марафон жеңімпаздары марапатталып, оларға ақшалай және ескерткіш сыйлықтар тарсырылды. Мерекелік шараға жиналғандарға «Достық» облыстық және «Қазақстан достықтың мекені» атты аймақтық фестивальдарының лауреаттарының гала-концерті ұсынылды. Облыс орталығындағы алаңдар мен аллеяларда да көктем шуағымен шырайланған мерекелік көңіл-күй жалғасын тапты. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». 1 мая 2015 (Атырау) 3 АТЫРАУ Жыл сайын Атырауда Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесін Исатай мен Махамбет батырлар ескерткіші бой көтерген алаңда атап өтеді. Бұл жолы да солай болды. Жұртшылық ертеңгілік аталған алаңға қарай топ-тобымен ағылды. Ұлттық киімдерін киіп, бір-бірін қол алысып, төс қағыс­тырған түрлі этнос өкіл­­дері бір-бірімен айтулы мерекемен құт­тықтап жатты. Айтқандай, өңірде 17 этно­мә­де­ни бірлестік өкілдері татулық пен тұ­рақ­тылықты, достық пен бірлікті ны­ғайтуға лайықты үлесін қосып келеді. Алаңға жиналған жұртшылықты  облыс әкімі  Бақтықожа Ізмұхамбетов құттықтап, ел бірлігінің маңызына кеңінен тоқталды. Өңірдің бір топ соғыс және еңбек ардагеріне мемлекеттік марапаттар тапсырды. Сонымен бірге, ел бірлігін нығайту, бейбітшілік пен келісімді сақтау және рухани мәдениетті дамытуға қосқан үлесі үшін «Бірлік» алтын медаліне «Татулык» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің жетекшісі Гүлсина Байкенова мен «Алия» еврей этномәдени бірлестігінің жетекшісі Павел Ткач ие болды. – Біздің еліміз тәуелсіздігін алғалы бері көптеген жетістікке қол жеткізді. Қазіргі таңда әлеуметтік-экономикалық жағдайымыз жақсара түсті. Еліміздегі барлық этнос өкілдері бір-бірімен тату, өз тілін, мәдениетін дамытуға мүмкіндік алды. Сонымен бірге, бәрі де  мемлекеттік тілді  құрметтейді. Елдегі татулықтың нығайғаны биылғы Президент сайлауында және бір рет дәлелденді, – дейді  «Татулык» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің жетекшісі Гүлсина Байкенова. Бұл күні этномәдени бірлестіктердің мүшелері әуелете ән салды, мың бұрала би биледі. Олар тек өз тілдерінде ғана емес, қазақ әндерін де шырқады. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан».  KTS_1372 КӨКШЕТАУ Ақмола өңіріндегі биылғы 1 мамыр мерекесі «Қазақстан халқының достығы» атауындағы кең ауқымды фес­тиваль ретінде атап өтілді. Алтын күн шапағына бөленген кербез Көкшетау бар жасауымен жарқырап тұр. Көшелер мен алаңдарда облыс аумағындағы тату-тәтті тіршілік кешіп отырған этнос өкілдерінің барлығы өздерінің ұлттық киімдерімен салтанат құрып, ән-биден шашу шашуда. Фестиваль Абылай хан алаңындағы 300 мектеп оқушысының «Бейбітшілік пен достық – балалар көзімен» атты асфальттағы сурет конкурсымен бас­талуы айрықша маңызды дер едік. Мәселен, қаладағы №12 мектептің сурет-сызу пәнінің мұғалімі, республика оқу-ағарту ісінің үздігі Мүтәллап Исқақов өзінің 24 оқушысының «Менің Қазақстаным!» тақырыбындағы суреттерінен балалар қиялындағы ертеңгі Мәңгілік Елді көруге болатынын айтады. Мұндайда ескерткіш тұғырдағы Абылай бабамыз да «бәрекелдісін» білдіргендей бойыңды жылы сезім кернейді. Бұл әсерді Абылай хан мен Тәуелсіздік алаңдарын жалғасты­ра­тын аллеядағы қылқалам шеберлері мен дизайнерлердің, сәулетшілер­­дің интеллектуалды «Достық даңғылы» шы­ғармашылық көрмесі де қалыңдата түседі. Көкше төрінде еліміздің Әнұраны қалықтады. Тәуелсіздік алаңындағы шадыман жұртқа облыс әкімі Сергей Кулагин сөз арнап, ақмолалықтардың мерекелі жылғы еңбек табыстарына, қоғамдық және саяси өмірдегі белсенділігіне ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, ол Қазақстан халқы Ассам­блеясы кеңесінің шешімімен бір топ азаматқа «Бірлік» алтын медалі мен «Қазақстан халқы Ассамблеясына – 20 жыл» мерекелік медальдарын табыс етті. Фестивальға қатысушыларды этномәдени орталықтардың басшылары мен белсенділері қызу құттықтады. Ауқымды шарада көкшеліктер назарына алты тарихи тармақтан тұратын театрландырылған көрініс ұсынылды. Көз алдымызда Қазақ хандығының құрылуының, депортацияға ұшыраған ұлттар мен ұлыстардың Қазақ жерін мекендеуінің, Ұлы Отан соғысындағы Жеңісіміздің, тың игеру кезеңінің, бүгінгі шат тұрмысымыздың шежіресі жылжып өтіп жатыр. Бұл шеру болашақ мақсаттармен ұштасып кететіндігімен де ғажап. Мереке халық достығының ортақ дастарқан байлығымен, кең көлемді концерттік бағдарламалармен жалғасты. Аудандардағы алақай мейрам да танымдық сипат алды. Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан». Суретті түсірген Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ. IMG_1638 ҚАРАҒАНДЫ Еліміз өміріндегі қуанышты оқиға­ға табиғат өзі де сый жасағандай мамыр­дың алғашқы күні нұрын молынан төгіп, адамдар мен қала ажарын одан сайын жайнатып жіберді. Жан-жақтан ағылған қауым қатары межелі уақыт­та қалыңдай түсіп, ұзыннан-ұзақ Бұқар жырау даңғылы лық толды. Қол­тықтаса сап түзеп, әр тілде қосыла ән шырқап, бақытты тұрмыс пен тату-тәтті өмірге шаттық ескен шеру кө­теріңкі көңіл күймен алға басты. Ор­тақ тілек, бір мақсат тоғыстырған мере­­келік салтанатқа қатысушылар «Алға, Қа­зақстан!», «Біз Назарбаевпен бір­ге­міз!» деп бір кісідей үн тастап, Тәу­ел­­сіздік ескерткішін гүл шоқтарына көмкерді. Облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібе­ков бірлік пен тұтастықтың, достық пен ынтымақтың мерейлі мерекесімен құттықтап, Елбасы атынан әр отбасына құт-береке, жарқын болашақ тіледі. Шерушілер кеуделері жауынгерлік марапаттарға толы соғыс ардагерлеріне бас иіп, құрмет көрсетті. Аймақ басшысы ұлттар арасындағы бауырластыққа, қоғамдық келісімге ұйыстырушы бірқатар этномәдени бірлестіктерге облыс әкімінің грантын тапсырып, белсенді мүшелеріне мерейтойлық медальдар табыс етті. – Бәріміз шынайы разылықпен ­дауыс беріп, қайтадан сайланған Елба­­сымыз тұрақтылық пен дамудың кепілі. Сондықтан біз Н.Ә.Назар­баевты әрдайым қолдаймыз, – деді облыс­тық литван «Литуаник» ұйымы­ның жетекшісі, Қазақстан халқы Ассам­­блеясының мүшесі Виталий Тварионас. 10 мыңнан астам адам бас қосқан шеру салтанаты қаланың барлық бөлі­гін­де жалғасты. Аудандар орталықта­ры мен кенттерде де мерекелік шеру­лер болып өтті. Кешкілік түнгі аспанды ­отшашулар жарқыратты. Айқын НЕСІПБАЙ, «Егемен Қазақстан».   ҚОСТАНАЙ 1 мамыр – Қазақстан халқының бір­лігі күні Қостанай қаласы жұртшылығы­ның көптен күткен мерекесі. Ауа райы да адамдардың достық көңіл күйіндей риясыз шуағын төкті. Көптен бері құбылған көктемнің күні жарқырап, көк зеңгір аспан тұп-тұнық болып тұр. Жер-дүние жасыл түске еніп, құл­пыра түскен. Тал-терек бүршік атып, қайың сырға тақты. Орталықта мере­ке­лік думан таңертеңнен басталды. Қа­зақтың және түрлі ұлттардың ән-күйі мере­кенің шаттығын еселеді. Орта­лықта ұйымдастырылған түрлі ұлттар­дың музыкалық аспаптары көрмесін тамашалағандар олардан төгілген шығармаларды таза табиғи күйінде тыңдады. – «Өнерде шекара жоқ» деген рас. Мерекеге келіп қаншама ұлт­тың бұрын өзім көрмеген музыкалық аспаптарын тамашаладым. Маған өзіміздің домбыра, қобызымыз және қатар жүрген орыстың, татардың сырнайы мен балалайкасы таныс еді. Ал армяндардың, корейлердің, че­шендердің, әзербайжандардың, тағы басқалардың аспаптарын бірінші рет көргенімді де жасырмаймын. Қырғыздың қомызын қырғыз балаға ойнатып біраз тыңдадым. Корейдің барабандарын өзіміздің қостанайлық қыздар қалай әдемі ұрады, – деп әдемі әсерін бөлісті Қостанай қаласының тұрғыны Жамал Медебаева апай. Сонымен қатар, мерекеге жиналған қостанайлықтар әр ұлттың ыдыстарын да тамашалады. – Биылғы мереке Қазақстан халқы Ассамблеясының, Конституциямыздың – 20, Жеңістің – 70 және Қазақ хандығының 550 жылды­ғымен тұспа-тұс келді. Сондықтан біз биыл бұл мерекенің танымдық жағы­на көп көңіл бөлдік. Түрлі ұлттар музы­калық аспаптарымен қатар, түрлі ұлт­тардың пайдаланатын ыдыстары көр­месін де ұсынып отырмыз. Барлық жақсы қасиет отбасынан дариды. Дастар­қан басында береке болса, еліміз­де де тыныштық, бейбітшілік болады деп түйдік. Ыдыс­тар тарихын тамаша­лағандар көп, – дейді облыстық мәдениет басқармасы­ның ­­басшысы Лариса Сероус. Балалардың тасжолға салған суреті мереке сәнін де, мәнін де арттыра түсті. Халықтық ән-би, ойындар достық пен бірліктің салтанатындай көрінді. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». ACD_7971 ҚЫЗЫЛОРДА Береке мен бірліктің туы желбіреп, еңбек пен достықтың күйін шертетін ғажайып мезгілді Сыр жұртшылығы да асыға күтеді. «Бірлік пен татулық мекені – Қазақстан». «Тілегі бірдің жүрегі бір». «Бірлігі жарасқан Қазақстан!» деп ұрандаған қызылордалықтар мерекені тойлауды күнмен таласып бастап кетті. Ең алдымен, барлық мекемелердің қатысуымен шеру ұйымдастырылды. Еңбек адамдарынан бастап, елдің дамуына өзіндік үлес қосып жүрген азаматтар бірліктің туын желбіретіп шеруге қатысты. Мұнан соң татулығы тұғырлы, бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі Сыр елінің халқын облыс әкімі Қырымбек Көшербаев құттықтады. – Біз бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ жолына жұмылған қуатты елміз. Қоғамдық келісім мен саяси тұрақ­­­тылық – біздің ең жоғары байлығы­мыз. Бұл жетістікті бағалау, оны сақтау жолында аянбай еңбек ету – әрбір Қа­­­зақ­стан азаматының міндеті. Туған жердің төсінде, бейбіт елдің ішін­де ел бірлігін сақтауға атсалысайық! Бейбіт өмір­дің берекесі, халқымыздың ынты­мақ, бірлігі арта берсін,– деді аймақ бас­­­­шысы. Ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері басып келеді. Сыр елінде 70-ке жуық өзге ұлт пен ұлыстың өкілдері тұрады. 11 этномәдени орталық бар. Барлығы мереке күні концерттік бағдарлама дайындап, бірліктің бекемдігін көрсетті. Облыстың барлық қала, аудан, ауылдарында мереке жоғары деңгейде аталып өтті, түрлі спорт сайыстары, флешмоб ұйымдастырылды. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан».   ОРАЛ 1 мамыр – Қазақстан халқы бір­лігі күні Ақжайық аспанынан күн шуағы молынан төгіліп, батыс­қазақ­стандықтардың көңіл-күйі де табиғатпен үндестік тапқандай өте көтеріңкі болды. Осындай шат-шадыман ахуал ауаны Орал қаласы мен облыс аудандарында өткізілген мерекелік шерулер кезінде де айқын аңғарылып тұрды. Оның соңы концерттік бағдарламалар мен жәрмеңкелерге ұласты. Бірінші мамыр күні қарсаңында Орал өңірінде барлық тұрғындарды бірлік пен татулыққа және ынтымаққа үндейтін әрі осы үш тұғырды одан әрі тереңдете түсе алатын мәні мен мағынасы зор іс-шаралар кешені мәреге жетті. Соның бірі – Қазақстан халқы Ассамблеясы жылына орай облыста ұйымдастырылған «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» эстафетасы. Бұл мерекелік мегажоба биылғы жылдың ақпан айында бастау алып, осы риясыз рәсімге сай Орал қаласының делегациясы Зеленов ауданына эстафетаны тапсырған болатын. Сол уақыттан бері бұл игі іс көп этносты өңірдің барлық түпкірлері мен елді мекендерін қамтып, тұрғындардың ынтымағын арттырып, олардың арасындағы мәдени-әлеуметтік байланыстарды одан әрі жетілдіруге ықпал жасады. Осылайша кеше мерекелік эстафетаны Теректі ауданының делегациясы Орал қаласына қайта жеткізді. Біз бірлік күні Орал қаласының орталық алаңы арқылы мерекелік шеруден жүріп өткен бір жас тұрғынды сөзге тартқан едік. Ол өзін Игорь Спиридонов, Батыс Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы жас­тар қанатының төрағасымын деп таныстырды. Көзінде от, бойында жігер мен қайрат бірден байқалатын жас өрен бізге өз тілегін былайша жеткізді: «Жыл сайын 1 мамыр күні келетін Қазақстан халқы бірлігі күнін айрық­­ша терең сезіммен қарсылаймын. Жас­тар елдің үлкен үміт артатын страте­гиялық ресурсы. Мен өзімнің тәуелсіз Қазақстанда тұрып өмір сүріп жатқа­нымды үнемі мақтаныш етемін. Сон­дай-ақ, қашанда Мемлекет басшысы саяса­тын қолдайтын белсенді жастар қата­рында жүргім келеді. Біз сапалы білім алып, интеллектуалдық мүмкіндігімізді дамытуға мүдделіміз. Қазір Қазақстан халқы Ассамблеясының жастар қанаты Президент белгілеген бейбітшілік пен келісім бағытын іске асыру үшін серпінді істерге бастамашы болып отыр». Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан».   ӨСКЕМЕН Шығыс жұртшылығы еліміздің бірлік күнін – «Мен – Қазақстанның патрио­тымын!» салтанатты шеруімен қарсы алды. Облыс орталығындағы мере­­келік шеруге 15 мыңнан астам қала тұр­ғындары мен қонақтары қатысты. Өңірдің барлық аудандары мен қала­ларында, ауыл-аймақтарында айрықша сән-салтанатымен өткен мерекеде өске­мендіктер Астана көшесінен бас­тап Республика алаңына дейін шеру ұйымдас­тырды. 5518 әскери бөлімінің оркес­трі бастаған салтанатты шеруге түрлі этно­мәдени бірлестіктердің өкілдері, байкерлер мен «Бипэк авто» автокөліктер керуені, «Казцинк», Үлбі металлургия зауыты, Өскемен титан-магний комбинаты, «Азия Авто» сынды өңірдегі 88 кәсіпорын мен ұйымдардың жұмысшылары, мемлекеттік мекеме­лердің қызметкерлері, жоғары және орта оқу орындарының студенттері, мектеп оқушылары қатысты. – Еліміздің баға жетпес байлығы – берекесі мен бірлігі жарасқан, татулық пен келісімнің туын тіккен көпұлтты халқы. Бұл – Қазақстан халқының мызғымас достығының, Отанға деген мәңгілік махаббатының мерекесі, – деді аймақ жұртын құттықтаған өңір басшысы Даниал Ахметов. Шеруге қатысушылар Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдық мерейтойына орай аспанға 20 ақ көгершін мен 20 мың шар ұшырды. Бірлік күні мерекелік концертке ұласып, достықты ту еткен өнер­паз­дар өңір жұртшылығын ән-биімен қуантты. Гір тасын көтеру, қол күрес, арқан тарту, шахмат және дойбы ойындарынан сайыстар өтті. Сондай-ақ, бұл күні «Металлург», «Жастар», «Сәулетай» және Жамбыл атындағы саябақ сынды көпшілік демалыс орындары ашылды. Сайлауға белсене қатысқан оқу орындары мара­патталды. Мереке кешкілік «Сту­­дент көктемі» гала-концертімен, жастардың би кешімен жалғасты. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан».   ПАВЛОДАР Биылғы 1 мамыр – Қазақстан халқы­ның бірлігі күні мерекесі, татулық пен тұрақтылық тақырыбына арналды. Күн де жылын­­ды. Айнала құлпырып жайнап тұр. Әсем әуендер шалықтап, бүкіл қаланы мере­келік көңіл-күй думанға бөлеген. Ал, осыдан бір күн бұрын облыс орталығындағы Достық үйінде облыс әкімі Қанат Бозымбаев өңірдің этномәдени бірлестіктерінің басшыларына арнайы гранттар табыс етті. Бірлік күні мерекесіне орай құрамында мордва, удмурт, коми-пермяк, марий, венгр ұлттары өкілдері бар ­Фину­­гор этномәдени орталығы ашылды. Удмуртиядан қонақтар келіп, этномәдени бірлестік ашылуына орай, алаң ортасында толқи сөз сөйледі. Осы жақсы жаңалықтардың соңы кеше қала тұрғындары, қонақ­­тары орталық алаң мен Ертіс өзені жаға­лауында, қалалық мәдениет және демалыс саябағында жалғасып, қызыққа толы думанды мерекелік шараларға толы болды. Мерекенің «Тілегіміз – татулық, тірегіміз – тұрақтылық» тақы­рыбына сай экран арқылы арнайы жасалған мерекелік журнал парақтары ашылды. Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай этномәдени бірлестіктер және қала жастарының қатысуымен театр­лан­дырылған қойылым, этномәдени бірлестіктердің концерті және Иса Байзақов атындағы облыстық филар­монияның концерттік бағдарламасы ұсынылды. Орталық алаңда халық көп. Облыс басшылығы, соғыс және еңбек ардагер­лері құттықтау сөзде­рін арнауда. Мере­кенің сән салтанатын қызықтаған үлкендер, ән шыр­қап, би билеп қуанышты жастар, қызыл-жасыл шарлар көтерген кішкен­тай бөбектер айнала думан сәнін келтір­ді. Сағат түскі 12.00-де орталық алаңда этномәдени бірлестіктердің қол­данбалы шығармашылық және дәс­түрлі аспаздық «Этноқалашық» шебер­лік көрмесі өтті. Балалар үшін Шапито циркінің мерекелік бағдар­ламасы, экзотикалық жануарлар мен хайуан­дардың зоопар­кі ашылды. Жағалау­да спорттық ойын-сауық бағдар­ламасы қызса, «Татулықтың тұтқасы, бірліктің бесігі», қалалық мәде­ни сауық орталығы мен балалар шығар­машылық және тәрбие орта­лы­ғы ұйымдарының «Бейбіт болсын болашақ» мерекелік концерттік бағдарламасымен жарасым тапты. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан». IMG_5264 ПЕТРОПАВЛ Қазақстан халқының бірлігі күні Қызылжар өңірінде де достық пен татулықтың, бейбітшілік пен мызғымас тұрақтылықтың мерекесі ретінде көте­­рің­кі көңілмен, жарқын жүзбен асқақ рухта аталып өтті. Адамдар бір-біріне амандық, саулық жолдап, еліміздің айбары асқақтай беруін тіледі. Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келген мереке ел дамуының қарышты қадамы, бедел-абыройымыздың асқақтау, әр шаңыраққа шаттық қонған, ұлттар мен ұлыстарды ұйыстырған мейрам ретінде бағаланып, ұлттық құндылық­­та­­­рымыздың қадір-қасиеттері ұлықталды. Мереке салтанаты Тәуелсіздік стеласы жанынан басталды. Онда облыс әкімі Ерік Сұлтанов тұрғындарға жылы лебізге толы құттықтауын арнап, Елбасы атынан 36 солтүстікқазақстандыққа «Қазақстан халқы Ассамблеясына – 20 жыл» мерекелік медалін табыс етті. Қаланың барлық шағын аудан­дарында ұйымдастырылған мереке­­­лік бағдарламаларды қызықтаған жұртшылық қатары қалың болды. Достық үйінде өткен «Халықтың асыл қазынасы» атты байқауға 19 этностық клуб қызығушылық көрсетіп, өз нөмірлерінде ортақ шаңырақ астында бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай тату-тәтті ынтымақта өмір сүріп жатқан ұлыстардың баянды тірлігін, берік бірлігін арқау етті. «Қоғамдық келісім» мекемесі ұйымдастырған «Мәңгілік Ел: бір ел – бір тағдыр» конкурсы көпшілік талғамынан шықты. Онда балалар әртүрлі тақырыптар бойын­ша сурет салудан сынға түсіп, шы­ғармашылық қарым-қабілеттерін танытты. Абай мен Пушкин ескерткіші қасында «Достықтың саз әлемі» музы­калық-би композициясы қанат қақса, «Ассамблея аруы» атты түрлі этнос­тардың әдемі арулары қатысқан байқау да өз көрермендерін риза етті. Демалыс және мәдениет саябағында студент-жастар «Достық дарханы» флеш-моб, қызықты конкурстар ұйымдастырды. Мерекенің сәнін қазақстандықтардың татулығы мен келісімін паш еткен кешкі мерекелік концерт келтірді. Ол шын мәніндегі достық ән-жыр, би арқауына айналып, қыр бетін қызғалдаққа толтырып жібергендей әсерге бөледі. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан». Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.   ТАЛДЫҚОРҒАН Жетісу жерінде ынтымағы жарасып, бірліктері нығайып, бақуатты өмір сүріп жатқан 103 этнос өкілі Талдықорғандағы орталық алаңға көптеп жиналды. Адамдар арасындағы қуанышты табиғат-ана да құп көрсе керек, аспан асты шайдай ашық. Ауада лүп еткен жел де жоқ. Сәні мен салтанаты артқан жетісу­­­лықтардың алдына Алматы облысының әкімі Амандық Баталов шығып: «Бүгінгі қуаныш – Отанға деген патриоттық сезім мен сүйіспеншіліктің, тұрақтылық пен келісім мерекесі. Қазақстан – береке мен бірліктің, достықтың мекені. Мұнда бір шаңырақ астында көптеген ұлттар мен ұлыстар тату-тәтті ғұмыр кешуде. Сондықтан да еліміздегі қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылықты әлем бағалап, мойындап отырБүкіл әлем Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың кемеңгер Көшбасшы, саңлақ саясаткер екендігін тағы бір мойындады. Президенттік сайлау елдің бірлігі мен тұрақтылығын нығайта түсті. Халқымыз өзінің нұрлы болашағын Тұңғыш Президентпен байланыстыратынын көрсетті. Тәуелсіздік жылдары Қазақстанның ұлтаралық келісімі нығайды, саяси тұрақтылығы бекемдене түсті, мемлекеттің дамуына бағытталған бағдарламалар сәтті жүзеге асырылды. Осының бәрі – Президенттің сенімді жеңісінің айғағы», – деді облыс әкімі Халықтың ерлігі – еңбекте, ба­қыты – бауырмалдығында, жасам­­­­паз­дығы – жарқын істерінде. Сон­­­дықтан бейбіт өмірдегі табысты ісі­мізді, береке-бірлігімізді мақтан еткен мерекелік басқосу Сүйінбай атын­дағы облыстық филармония кон­церттік бағдарламасымен жалғасып, жалпыхалықтық мерекемен ұласты. Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, «Егемен Қазақстан». _MGM2820 ТАРАЗ Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері  жаңаша сипатқа ие болды. Өйткені, бірлік пен ынтымақ, достық пен туысқандық бүгінде көпұлтты Қазақстанның қарқынды дамуының кепілі. Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығының елімізде кең көлемде атап өтілуі елдігіміздің қалыптасуы мен тәуелсіздігіміздің нығаю тарихында айрықша рөл атқаруда. Ал, кешегі сайлауда Елбасы мерейінің үстем болуы көп ұлтты халқымыздың Елбасына деген ыстық ықыласы, шексіз құрметінің көрінісі екені анық. «Тату елдің шығар тауы биік» деген міне, осы болса керек. «Бұл күн – халық арасындағы достықтың белгісі, өзара бауырма­­­­­шылдық пен түсіністіктің нышанына айналған мерейлі мейрам. Біздің біртұтас халқымыздың дәстүріне еніп, бейбітшілік пен өзара сыйластықтың символына айналды. Алдымызда Мемлекет басшысы белгілеген «Мәң­гілік Ел» ұлттық идеясы мен «Қазақ­­стан-2050» Стратегиясын, «Нұрлы Жол» бағдарламасы мен Бес халықтық реформаны орындау мақсаттары тұр. Мұның барлығы да тағдыры бір, Ота­ны бір халқымыздың келешегі, ұрпа­ғымыздың болашағы үшін жасалуда. Жамбылдықтар да бар­ша қазақ­стандықтар сияқты ұлы мақсат­тарға қол жеткізу жолында жұмыла еңбек ететініне сенімдімін», – деді әулие­­­ата­лықтарды құттықтаған Жамбыл облы­сының әкімі Кәрім Көкірекбаев. Бірлік пен ынтымақтың алмайтын қамалы, шықпайтын шыңы, аспайтын асуы жоқ. Айтулы мерекені жамбылдықтар көтеріңкі көңіл-күйде атап өтіп, Тараз қаласының «Достық» алаңында өткен мерекелік шерудің соңы ұлттық және спорттық ойындар, өнер майталмандарының концерті мен көпшілік серуенге ұласты. Өнер әрбір ұлтты бір-біріне жақындастыратын, теңестіретін құдыретті күш қой. Сондықтан да мерекеде айтылған, түрлі тілде айтылған әнді де, түрлі ұлттар билеген биді де ешкім жатырқаған жоқ. Қайта көптің көңілі достықтың арнасында тоғысты. Мереке кешкілік өнер жұлдыздарының концертіне ұласып, жастар өзара би жарыстырды. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». Суретті түсірген Алтынбек ҚАРТАБАЙ. 1973_oko_2 ШЫМКЕНТ 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі Шымкенттегі жаңа Әкімшілік-іскерлік орталығының алаңында өтті. Оңтүстікте бірлігі жарасқан, бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай 100-ден астам ұлт пен ұлыстың өкілдері тұрады. Салтанатты мерекеде олар шеру тартып, ұлттық әуендер сарынымен алаңға өтті. Мінбеге ұлттық-мәдени орталықтардың төрағалары шақырылып, облыс әкімі Асқар Мырзахметов жұртшылықты мерейлі мерекемен құттықтады. Тарихтың қай парағын ашсаң да елдің аңсаған мақсат-мұраты бейбітшілік болғандығын, Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан бері Елбасы осы ұлы мұрат жолында талмай жұмыс жасап келе жатқандығын, бүгінгі мемлекеттік саясаттың түпқазығы ел бірлігі екендігін  айтқан облыс басшысы бұған оңтүстікқазақстандықтардың да айтулы үлес қосқандығына тоқталды. Оның айқын дәлелі ретінде кешегі президенттік сайлауда халықтың тілегі бір арнадан тоғысып, Қазақстан халықтарының ынтымақтастығы әлемге мәшһүр болғандығын, Тоныкөк баба заманынан аманат болған Мәңгілік Ел мұратына бірге жететіндігін айтты. Қазақстан халқы Ассамблеясы жылын мерекелеу аясында ел бірлігін нығайтуға, мәдениетаралық үнқатысуды дамытуға және қазақстандық пат­риотизм­­­ді қалыптастыруға қосқан елеу­лі үлесі үшін Төлеби ауданы «Таға­й­на» жалпы орта мектебінің директоры Ка­диров Османали, Оңтүстік Қазақ­стан мем­лекеттік педагогикалық институ­ты­ның доценті Курбанов Агапа­ша, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақ­стан мемлекеттік университеті кафедра­сы­ның меңгерушісі Надиров Казим, Түр­кістан қаласындағы дизайнерлер ода­ғының мүшесі Хамаркулов Насыр «Бір­лік» алтын медалімен марапатталды. Сондай-ақ, бір топ азаматқа ұлт­ара­лық бірлікке сіңірген еңбегі үшін «Қазақстан халқы Ассамблеясына – 20 жыл» мерекелік медалі табыс етілді. Бірлік күні облыстың қоғамдық-саяси өміріне белсене қатысқаны, достық пен ұлтаралық келісімді нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін облыстық этномәдени бірлестіктерге облыс әкімінің гранты табыс етілді. Этномәдени орталықтардың атынан Е.Романова мен И.Хашимжанов сөз алып, Мәңгілік Ел мұраты болған Отанымыздың бүгіні мен келешегі кемел екендігін айтып, мерекеге жиналған жұртты құттықтады. Әнмен, күймен астасқан мейрам Оңтүстікте осылайша аталып өтілді. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан».